Катонқарағай ауылдық мәдениет үйінде ақын, бес жыр жинағының авторы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі ҚР Білім беру саласының үздігі Бақытжан Райысованың туғанына 60 жыл толуына орай «Тебіренген таулар толқыны» атты мерейтойлық кеш ұйымдастырылып өткізілді.
Кеш шымылдығын музыка мектебінің оқушыларынан құралған домбыра оркестірінің орындауындағы А.Еңсеповтың «Әке толғауы» және Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылды. Келесі кезекте аудан әкімі Р.Т.Құрманбаев кеш иесін құттықтап сый- сыйапат көрсетті. Ақынды мерейтойымен құттықтаушылар қарасы көп болды,солардың ішінде әдейлеп алыстан ат арттырып келген Ұ.Есдаулет, Ә.Асқаров, А.Кемелбаева, О.Елубай, Қ.Назырбаев және тағы да басқа ақын жазушылар сахна төрінен өз жүрек жарды тілектерін жеткізді. Кеш барысында ақын өмірбаянынан слайд көрсетіліп, «Өр Алтайдың асылдары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жаңадан шыққан «Кәусар дүние» және «Жалын мен оттан жаралып...» атты жинақтарының тұсау кесер рәсімін өткізді. Кеш соңында ақын қызымыз келген қонақтарға өзінің жаңадан шыққан жыр жинақтарын сыйға тартып, естелік суретке түсті.