Қыркүйектің 23-і күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауы аясында Аягөз аудандық кітапханасында Шығыс Қазақстан облысы А.С.Пушкин атындағы кітапхана мамандары семинар өткізді.
Семинарды Аягөз ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Аманов Жандос Ильясұлы ашты. Семинарды жүргізген кітапхана директорының орынбасары Емельбаева Меруерт Бауыржанқызы Президенттің бұл жолдауы халықтың және елдің ең маңызды, өзекті және өткір проблемаларына жауап беріп, ерекше маңызға ие болғандығын атап өтті. Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының барлық аспектілері көрсетілген. Жолдауда аталып өткен 2020 жылғы маңызды мерейтойлар мен оқиғалар деген бөлімге тоқталып,атап айтқанда Әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын кітапханада өткізуде қандай жұмыс түрлерін қолдануға болатыны жөнінде кеңестер берді.
Өткізілетін іс-шаралардың идеологиялық негіздемесін жасау және сапалы өткізу мақсатында қатысушылармен топтық жұмыс жүргізілді. Топтық жұмыс нәтижесінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту іс-шараларының түрлі формалары (Абай шығармаларына арналған буктрейлер, М.Ә.Абай жолы романының желісімен квест, әлеуметтік желілердегі онлайн оқулар, зиаткерлік, фото конкурстар т.б.) талқыланды. Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы - өз отанына қызмет етудің жарқын үлгісі. Осы мақсатта жастар арасында өткізілетін облыс көлеміндегі мерейтойлық іс-шараларға аудан жастарын қатыстыру:
- ақындар айтысы;
- «Абай дара тұлға, дана тұлға» атты жаңа әліпби негізінде өтетін жаппай диктантқа қатысу
- әлеуметтік желілерде жалпыхалықтық #Abai 175 челленджініне қатысуды жалғастыру
- «Абай әлемі» кітаптар топтамасы жобасынана шыққан кітаптармен оқырмандарды таныстыру т.б.
Іс-шара соңында кітапхана мамандары еліміздің басты стратегиялық құжаттары «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол», «Ұлы даланың жеті қыры» және мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыруға әрбір кітапханашы өз қызметімен үлес қосатындарын білдірді